Жастар – еліміздің ертеңгі тірегі


Жастар – еліміздің ертеңгі тірегі, болашағымыздың жарқын кепілі. Президент Жолдауында жастарға ерекше мән беріліп, оларды жан-жақты дамыту, еңбекке баулу, сапалы біліммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікке тарту, сондай-ақ олардың ел дамуындағы белсенділігін арттыру бағытындағы нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл — жастар саясатының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді.Мемлекет басшысы жастардың еңбек нарығындағы орнын күшейту, цифрлық сауаттылықты арттыру және ғылым-білімге деген қызығушылығын ояту қажеттігін баса айтты. Әсіресе, техникалық мамандықтарға бет бұру, заманауи өндірістерге бейімделу, IT саласы мен инженерлік бағыттарға жастарды тарту – бүгінгі заман талабы.
Сондай-ақ Президент өз Жолдауында жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту үшін *«Жастар практикасы»*, *«Алғашқы жұмыс орны»* және басқа да қолдау бағдарламаларын жетілдіру керектігін атап өтті. Бұл – әсіресе ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті жою, шалғай өңірлерде білім мен жұмыспен қамту мәселелерін шешу – маңызды әлеуметтік тапсырма.Жолдауда патриоттық тәрбиеге, еріктілер қозғалысына, шығармашылық және спорт бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілетіні де айтылды. Бұл жастардың тек біліммен ғана емес, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына әсер етеді.
Мемлекеттің жастарға арнаған осындай нақты қолдаулары — олардың қоғамда өз орнын табуына, елге пайдалы азамат болып өсуіне жол ашады. Ендігі міндет — жастардың өздері де белсенділік танытып, ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану.
Президенттің Жолдауы — жастарға сенім білдіріп қана қоймай, олардың болашағына жол ашатын маңызды бағдарлама. Біз жастарды қолдай отырып, елдің ертеңін нықтаймыз.

Ажмадин Нурдаулет
белсенді жас