Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі ойларын үлкен ықыласпен тыңдадым


Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі ойларын үлкен ықыласпен тыңдадым. Бүгінгі таңда ел экономикасын дамыту үшін шетелдік те, отандық та инвестицияның маңызы зор екені анық. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға бағытталған қаражат елдің тұрақты дамуына серпін береді.

Мұғалім ретінде мен бұл мәселені білім беру саласымен байланыстыра қараймын. Өйткені жаңа технологияларды енгізу, өндірісті дамыту үшін ең алдымен білікті маман керек. Ол үшін мектептен бастап жастарға сапалы білім мен заманауи дағдылар берілуі тиіс. Инвестиция тарту тек зауыт салумен шектелмеуі керек, ол білімге, ғылымға да бағытталса – еліміз ұзақ мерзімді табысқа жетеді.

Президентіміз атап өткендей, инвесторлардың құқығын қорғау маңызды. Тек ірі инвесторлар ғана емес, орта және шағын бизнес өкілдері де қолдау табуы тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

Сонымен бірге заңсыз активтердің елге қайтарылып, әлеуметтік нысандарға жұмсалып жатқаны – қоғам үшін өте жағымды жаңалық. Мұндай қаражаттың білім беру мен денсаулық сақтау саласына бағытталуы – болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен инвестиция деп санаймын.
Акшулакова Эльвира Асылбековна
Тарих пәні мұғалімі