Қазақстанда АЭС-те жұмыс істей алатын білікті мамандар дайындала ма

Саябек Сахиев
Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда атом электр станциясына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қоғамдық кеңестің мүшелері, қала тұрғындары мен сарапшылар қатысты.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев қазақстандық мамандардың бейбіт ядролық реактормен жұмыс істеу тәжірибесі бар екенін айтты.

— Ядролық физика институты 1957 жылы ашылды, ал 1967 жылдан бері онда су ядролық реакторы жұмыс істейді. Яғни Алматының түбінде 57 жыл бойы зерттеуге арналған ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Сондықтан бізде бейбіт ядролық реактормен жұмыс істей алатын мамандар бар деп айта аламыз. Егер Қазақстан халқы АЭС салу мәселесін қолдайтын болса, онда екі блок үшін 2 мың жұмысшы қажет. Оның 200-і күзет пен санитарлық қызметкерлер. Қалған 1800 қызметкердің жоғары білімді 400-і ядролық физика институтында дайындалады, — деді Саябек Сахиев.

Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішев 10 жылға дейін созылатын АЭС құрылысы кезінде білікті мамандар дайындалып үлгеретінін атап өтті.

— Біздің университетте АЭС бойынша мамандар дайындалып жатыр. Жақында “Ядролық инженерия” деген мамандық ашылды. Бұл мамандық бойынша студенттер 4 жыл оқиды. Оның 2 жылында Ядролық физика институтында тәжірибе жинайды. Магистратура мен докторантурада да осы институт базасында біліктілігін арттырады. Ядролық физика бойынша Қазақстанда кеңестік кезеңнен бері келе жатқан мамандар бар. 2000 жылы Атыраудағы реактор жабылғаннан кейін елімізде энергетикалық реакторлар жұмыс істемейді. Сондықтан ядролық энергетикаға байланысты мамандар дайындау қажеттілігі болмаған. Ал АЭС салу туралы шешім қабылданса, құрылыстың өзі 8-10 жыл уақыт алады. Сондықтан осы уақытта АЭС мамандарын дайындап үлгереміз, — деді Медеу Әбішев.