Байғанин ауданынан шыққан барлық азаматтарға үндеу

Байғанин ауданынан шыққан барлық азаматтарға ҮНДЕУ

Құрметті жерлестер!

Әрбір адамға кіндік қаны тамған өзінің туған жері ыстық. Сондықтан біз туған ауылымыздың тағдырына бей-жай қарай алмаймыз.

Біздер, Байғанин ауданының қоғамдық ұйымдарының жетекшілері ауданда бастау алған «Туған жерім-Байғанин» акциясының өтуін ерекше ықыласпен қабылдап, қолдаймыз.

Осы ретте, аудандағы әлеуметтік проблемаларды шешуге ауылымызды көркейтіп дамытуға бағытталған акцияның  маңызы өте зор.

Халқымыздың «Бірлік берекеге бастайды» деген дана сөзі бар. Аталмыш форум аясында ел игілігіне пайдалану үшін әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру, спорт зал, мәдениет үйі, саябақтар, ойын алаңдарын салу мен жөндеу, ауылдарымызды абаттандыру, көркейту арқылы біз өзіміздің бірлігіміз бен мерейлі жұмысымызды басқаларға паш етіп, жарқын болашағымыздың іргетасын қалаймыз.

Қымбатты ағайын !

Осы игі шараны еліміздің әр аймағында, алыс-жақын шетелде тұрып жатқан жерлестеріміз, белгілі кәсіпкерлеріміз қолдайды деп сенеміз.

Барша жерлестерімізді «Туған жерім-Байғанин» акциясын қолдап, демеушілік көрсетуге, акцияны қорытындылайтын Жерлестер форумына қатысуға шақырамыз.

Халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөз бар. Олай болса, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауданымыздың бағын асырып, мерейін тасытатын игі шараға жұмыла қатысайық!

       Елге қызмет-мерейлі міндет !

Қ.Әлжан — Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Б.Тәжімұратов — Аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы.

И.Ермекбаев – «Әл Қуат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Ұ.Қадір — Қ.Мұқамбетқалиұлы атындағы қоғамдық қор төрағасы.

С.Дербісов  – Байғанин ауданы Білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы.

М.Бақдәулет- «Байғанин ұлттық ат спорты түрлері бойынша федерациясы» ҮЕҰ төрағасы.