«Еңбектің наны тәтті»

«Еңбектің наны тәтті»

Өмірде көпшілік «әй бір ер азамат екен» деп айтатын кездер болады. Өйткені ер жігіт құр сөзбен, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен емес, адалынан әрекет етіп, нағыз шешен сөздің тілі емес, істің тілі екенін дәлелдейді. Қандай қиындық болмасын еңсеруге бел буып, еңбекке ерекше араласып, жанұясының тірегі болудан айнымайды. Біз сөз еткелі отырған бүгінгі кейіпкеріміз де денсаулығымда кінәрат бар екен деп қарап отырған емес.

Нарынбаев Жәнібек Ығылманұлы 1966 жылы 7 ақпанда Кемерши ауылында дүниеге келген. Осында 8 класты тәмамдаған соң 1981 – 85 жылдары Темір техникумында оқып бітірген. 1985 – 87 жылы Отан алдындағы борышын өтеген. Одан соң отбасынан көрген өнегелі тәрбиені бойына сіңірген азамат еңбекке араласқан. 1987 – 97 жылдары тракторшы, тракторшылар бригадасында қызметкер болады. 1997 – 2015 жылдары Кемерши өндірістік кооперативінде бригадир қызметтерін атқарады.

2015 – 2019 жылдар аралығында да «Көркем» ШҚ-да тракторист болған. Одан соң кенеттен ауырып қалып 2020 жылы ота жасатқан. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болып, мүмкіндігі шектеулі деген дәрігерлер тарапынан қағаз беріледі. Үнемі еңбекке етене араласып келген Жәнібек Ығылманұлы үшін бұл жағдай үйреншікті емес еді. Енді ол өз денсаулық шамасына қарай еңбектенуді жөн санап, жолдарын іздей бастайды. Ойлана келе құс шаруашылығына тоқтайды. Шаруашылыққа қажеттілерді алу үшін кәсіпкерлікті қолдайтын мекемелерден кеңес алып, құжат та тапсырады. Алайда олардың бәрінен несие берілмейді деген жауап келеді. Жастайынан еңбекке араласқан егде азаматтың үйде қарап жатуға намысы жібермей, шаруашылық төңірегінде әрекеттене береді. Ақырында 2023 жылы қараша айында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 1 млн 380 мың теңге қаражатқа қол жеткізеді. Одан соң қора жайын дайындап, аманатқа берген ақшаға 100 тауық сатып алады.

«Жем – суы уақытында беріліп, қорасы жайлы болса бұл кәсіптің берекесін көру  қатты қиын емес. Денсаулығым осы салаға ғана жарағасын белбуып, тәуекел деп іске кірістім. Қазіргі қысқы уақытта тауықтардың 30 – 40 пайызы жұмыртқасын беріп тұр. Бұл көрсеткіш жазғытұрғыға қарай жоғарылау керек. Әзірге 1 жұмыртқа бағасы 80 теңге. Жылы маусымдарда шөпке шыққасын бағасын төмендету ойда бар. Кәсіпті балаларымның көмегімен кеңейтсем деген де жоспар бар», — дейді Жәнібек.

Алдағы уақытта жылы қора дайындап, бройлер, инкубатор, гриль аппараттарын сатып алу да болашақтың еншісіндегі шаруалардың бірі екен.

Жәнібек Ығылманұлы дені сау бола тұра жұмыс жоқ деп жауапкершіліктен қашатын жандарға үлкен үлгі – өнеге. Еңбектің наны тәтті болатынын есінде мықтап ұстап, адалынан табыс тауды қиындықтарға да қарамай басты мақсаты еткен Жәнібек балаларына да осы қағиданы үйретіп келеді. Немерелері болса атасына қолғабыс етуге де жарап қалған. Жәнібектің жары жұмыссыз. Бірақ отбасын бірінші орынға қойып, еңбек майданында шыңдалған ол өзінің азаматтық ұстанымынан ешқашан айныған емес. Керісінше ниет болса, екі қолға бір күрек табылатынын жан дүниесімен түйсініп алған қарапайым еңбек адамы.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ.